Бақыт Сәрсекбаевтың шәкірті ел чемпионатының жүлдесіне бір табан жақындады

Бақыт Сәрсекбаевтың шәкірті ел чемпионатының жүлдесіне бір табан жақындады

фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Илья Калинин

Семейде өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионаты қыза түсті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

85 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 1/8 финалда Қарағанды облысының боксшысы Ермек Ерасыл мен Жамбыл облысының өкілі Илья Калинин рингке шықты. Қарсылас екі боксшы да жоғары қарқында жұдырықтасып, жекпе-жек соңына дейін бір-бірінен айқын басымдық таныта алмады. Алайда үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңіс Калининге берілді.

Илья Калинин – U-22 жас санатындағы Қазақстан құрамасының мүшесі, ал бұл команданы Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтырады. Ол 2025 жылы Бангкокта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында (U-19 және U-22) 65 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлде иеленген. Сондай-ақ ол кәсіпқой рингте бір жекпе-жек өткізген.

Айта кетейік, биылғы Қазақстан чемпионаты 21 қазанға дейін жалғасады. Турнир қорытындысы негізінде 2026 жылғы ерлер және әйелдер ұлттық құрамаларының жаңа құрамы жасақталмақ.