Аңыз тұлға Мұстафа Өзтүріктің қызы Түркістан топырағына табан тіреді (ВИДЕО)

Аңыз тұлға Мұстафа Өзтүріктің қызы Түркістан топырағына табан тіреді (ВИДЕО)

фото: ашық дереккөзден. Суретте: Мұстафа Өзтүрік пен Неслихан Өзтүрік

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қазақ таэквондосының негізін қалаушы, түркі әлемінің даңқты перзенті Мұстафа Өзтүріктің қызы – Неслихан Өзтүрікті қабылдады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Неслихан Өзтүрік атажұртына арнайы сапармен келіп, бабаларының ізі қалған қасиетті өңірлерді аралап жүр. Оның рухани сапары хакім Абай елі – Шығыс Қазақстаннан басталып, түркі руханиятының ордасы – киелі Түркістан қаласында жалғасын тапты.

Кездесу барысында қала әкімі мәртебелі меймандарды жылы қарсы алып, Түркістанның тарихи келбеті мен қазіргі даму қарқыны жөнінде таныстырды.

Әзімбек Пазылбекұлы Мұстафа Өзтүріктің қазақ спорты мен ұлттық руханиятына қосқан зор үлесін ерекше атап өтіп, оның есімін ел жадында мәңгі сақтау мақсатында бірқатар шаралар жоспарланып жатқанын айтты.

Өз кезегінде Неслихан ханым түркі халықтарының бауырмалдығы мен Түркістан жұртының ықыласын ерекше сезінгенін жеткізді. Сондай-ақ ол әкесінің арманы – қазақ елі мен түркі жұртының рухани бірлігін нығайту жолындағы игі істердің жалғасып келе жатқанына қуанышты екенін айтты.