19 жастағы футболшының қазасына байланысты жаңа деректер жарияланды

19 жастағы футболшының қазасына байланысты жаңа деректер жарияланды

фото: видеодан скриншот

"Хан-Тәңірі" футбол клубы кеше "Екібастұзға" қарсы өткен матч кезінде орын алған қайғылы оқиға жайлы егжей-тегжейлі мәлімет таратты, деп Sportinside.kz тілшісі клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Клубтың хабарлауынша, оқиға ойын барысында болған.

"Оқиға матч кезінде орын алды. Әдеттегідей, стадионда жедел жәрдем бригадасы кезекшілікте болды. Диасқа дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді", – делінген ресми мәлімдемеде.

Диас Төлеу жедел жәрдем көлігімен төрт минут ішінде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

"Клуб ұжымы Диастың отбасына, туған-туыстарына және жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Диастың есімі мен жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады", – деп жазды клуб өкілдері.

Сонымен қатар, клуб мәліметінше, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория бастаған делегация Алматыға келіп, ойыншының қазасына байланысты тергеу жұмыстарына қатысып жатыр.

"Хан-Тәңірі" футбол клубы уәкілетті органдармен және Федерациямен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп отыр. Жақын уақытта арнайы комиссия құрылып, барлық дерек жан-жақты зерттеледі. Мақсат – мәселені анықтап, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу", – делінген мәлімдемеде.

Клуб өкілдері тергеу барынша ашық және әділ жүргізілетінін атап өтті.

"БАҚ пен жұртшылықтан тексерілмеген ақпарат таратпауын және ресми қорытындыны күтуін сұраймыз", – деді клуб баспасөз қызметі.

Еске салайық, 16 қазанда "Хан-Тәңірі" футбол клубының 19 жастағы ойыншысы Диас Төлеу матч кезінде есінен танып, көз жұмған еді. Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратты растады және арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.