фото: ашық дереккөзден
Беларусьтің бұрынғы "Голос" шоуының қатысушысы Мьянмада құлдыққа түсіп, кейін ағзалары сатылып, денесі өртелгені белгілі болды, деп хабарлайды Shot Telegram арнасы.
Минск тұрғыны жарнама арқылы Таиландқа модель болып жұмыс істеуге барған. Алайда Бангкокқа жеткен соң оны алдап, Мьянма аумағына алып кеткен. Сол жерде қызды алаяқтықпен айналысатын колл-орталықта (scam-орталық) мәжбүрлі жұмысқа салған. Көп ұзамай ол туыстарымен байланысын жоғалтқан.
Бірнеше апта өткен соң белгісіз адамдар оның туыстарына хабарласып, қыздың ағзалары сатылып, денесі өртелгенін айтқан.
Беларусь Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, іздестіру жұмыстары басталғанын растады.
"Қазіргі таңда Вьетнамдағы Беларусь елшілігі жоғалған азаматшаны іздестіру бойынша шаралар жүргізіп жатыр. Анасының айтуынша, онымен соңғы байланыс 4 қазанда болған", – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Іздеу жұмыстарына Беларусь пен Мьянма құқық қорғау және сыртқы саясат органдары, сондай-ақ елдің Янгон мен Бангкоктағы құрметті консулдықтары қатысып жатыр.