фото: ашық дереккөзден
Белгілі әнші Медеу Арынбаев өміріндегі ең үлкен өкінішінің бірімен бөлісті. Ол бұл туралы «Хабар» арнасына берген сұхбатында айтып, көпшіліктің жүрегіне әсер етті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әншінің айтуынша, марқұм жары Айгүл Арынбаева екінші сәбилеріне жүкті болған кезде, ол баланың ұл болатынына сенімді болып, сол үмітпен қуанып жүрген. Алайда тағдыр басқа шешім қабылдаған.
"Келіншегім екінші сәбиімізге жүкті болды. Жастық қой, бұл сәбиіміз де ұл болады деп сеніп, күттім. Босанатын уақыты жеткенде перзентханаға апарып, орналастырып, кері қайттым. Бір-екі күннен кейін босанады деп ойлап, достарымызбен тойлауды бастап кеттік. Әне міне, дүниеге келетін сәбиді ұл деп, тостымызды сол ұлға арнап отырғанбыз. Бір кезде телефон шырылдады. Тұтқаның арғы бетіндегі дауыс әйелімнің босанғанын айтып, "өмірге қызыңыз келді" деп құттықтады. Біртүрлі боп қалдым... "Жігіттер, ұл емес, қыз екен" дегенімді әлі күнге дейін кешіре алмаймын. Қазір қызымды әр сүйген сайын сол күнгі әрекетім үшін іштей кешірім сұрай беремін", – деді Медеу Арынбаев.
Әнші бұл сәтті өмірінің ең ауыр әрі ең үлкен сабақтарының бірі деп есептейді.
Айта кетейік, Медеу Арынбаев марқұм жары Айгүл Арынбаевамен (Үмбетәлиева) 1996 жылы "АБК" тобының алғашқы концерттерінің бірінде танысып, екі айдан кейін шаңырақ көтерген. Бір жылдан соң ұлы Дәулет, ал екі жылдан кейін қызы Дайана дүниеге келген.