фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы. Суретте: ортада Даниял Сәбит
Орал қаласында бокстан халықаралық аренада ел намысын қорғап, зор жетістікке жеткен спортшылар мен олардың бапкерлеріне құрмет көрсетілді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Салтанатты шараға БҚО бокс федерациясының президенті Бауыржан Каримов, "Ақжайық" спорт клубының директоры Дамир Қалақов, федерация басшысы Қуаныш Уахасов, сондай-ақ бокс жанашырлары мен спортшылар қатысты.
Марапаттау кешінің басты жаңалығы – халықаралық додаларда топ жарған боксшыларға жаңа пәтер кілттерінің табысталуы болды. Атап айтқанда:
- Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Сәбит,
- Жастар арасындағы әлем чемпионы Өнер Сейілхан,
- Өнердің жеке бапкері Берік Жарылқасын,
- Облыс құрамасының аға бапкері Саттар Сұлтанғали
– өз еңбектерінің лайықты бағасын алып, жаңа баспана иелері атанды.
Сондай-ақ, Қуаныш Уахасов «Қазақстан Республикасында боксты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Шара барысында 35 үздік боксшыға және бірқатар спорт клубтарының басшыларына арнайы спорттық киімдер табысталды. Бұл – өңірдегі бокс спортын дамытуға қосылған үлес пен ынталандырудың нақты көрінісі.