фото: ашық дереккөзден
Қазақ боксшылары Махмұд пен Төрехан Сабырхандардың жеке бапкері Ілияс Оралбеков Өзбекстан құрамасындағы жаттығу әдістері мен тәрбие тәсілдері туралы ойын білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
– Әлеуметтік желіде Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличевтің жаттығулары жиі жарияланып жүр. Онда оның спортшыларды ұрып немесе таяқтайтыны байқалады. Тіпті кейде Олимпиада чемпиондарын ұрып, шапалақпен жазалайтынын да көрдік. Мұндай әдіске сіз қалай қарайсыз?
– Әр елдің, әр халықтың өз менталитеті бар. Менің ойымша, біз қазақ спортшыларына ондай қатыгез әдісті қолдана алмаймыз. Мен шәкірттерімді өз баламдай көремін, сондықтан оларды ұру немесе шапалақпен жазалау — менің табиғатыма жат. Бірақ ескерту жасаймыз, қатесін көрсетеміз: "Мұны былай емес, осылай істе" деп түсіндіреміз. Ал олардың әдісін дұрыс емес деп айта алмаймын. Мүмкін, олар боксшыны тым тәкаппар болып кетпеуі үшін солай тәрбиелейтін шығар. Айта кету керек, оларда бес Олимпиада чемпионы бар – бәлкім, сол тәртіптің арқасы да шығар.
Айта кетсек, Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарында Өзбекстан бокс құрамасы бес алтын медаль жеңіп алып, Олимпиада тарихындағы рекорд орнатқан болатын.