фото: olympic.kz. Суретте: Елдос Сметов
Әлеуметтік желіде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев спортқа, соның ішінде футболға көңіл бөлмейді деген ақпарат тарағаннан кейін Олимпиада чемпионы Елдос Сметов өз көзқарасын білдіріп, бұл пікірлердің шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшы өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында Париж Олимпиадасынан алтын медальмен оралған соң әкімнің өзі құрмет көрсетіп, Тараз қаласында үлкен мереке ұйымдастырғанын еске алды.
"Бұл тек менің қуанышым емес, тарихи медальді Отанға алып келген соң тұтас халықтың қуанышы болды. Олимпиадаға барар жолда көрсетілген қолдаудың арқасында Парижден алтынмен оралғанымды ешқашан жасырған емеспін", – деп жазды Сметов.
Оның айтуынша, Ербол Шырақбайұлы тек спорт саласына емес, облыстың әлеуметтік және экономикалық бағыттарына да ерекше назар аударып келеді.
"Облысымыз талантты спортшыларға бай. Әр спорт түрінен өзіндік мектебі қалыптасқан. Футбол клубына да әкім тиісінше көңіл бөліп отыр деп ойлаймын. Әкім тек спортты дамытумен емес, әлеуметтік, шаруашылық, экономика салаларында біз білмейтін маңызды жұмыстарды атқарып отыр деп сеніммен айтамын", – деді Олимпиада чемпионы.
Алайда Елдос Сметовтің жазбасынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туындады. Кейбірі спортшыны қолдаса, енді бірі бұл жазбаны "тапсырыспен жазылған" деп сынады.
"Қолдаса, неге футбол дамымай жатыр? Елдос, сен халықтың чемпионысың, жеке адамның емес. Мұндай заказной пост жазба", "Бар бюджет спортқа бөлінсе, бәрі күрес пен боксқа кетеді. Басқа спорт түрлері де назардан тыс қалмауы керек", "Қолдау Павлодар облысының әкіміндей болуы керек. Олар 2-лигадан 1-лигаға, одан Қазақстан премьер-лигасына дейін көтерілді. Бізде де таланты көп, тек шынайы қолдау қажет", "Футбол – әкімге міндет емес, оны қолдай берудің қажеті жоқ. Әкімнің басқаратын шаруасы көп", – деп жазды желі қолданушылары.