ММА файтері Қуат Хамитов Сабина Алтынбековаға ұсыныс жасады (ФОТО)

ММА файтері Қуат Хамитов Сабина Алтынбековаға ұсыныс жасады (ФОТО)

фото: sportinside.kz коллажы. Суретте: Сабина Алтынбекова мен Қуат Хамитов

Қазақстандық ММА жауынгері Қуат Хамитов желідегі оқырмандарының идеясын қолдап, волейболшы Сабина Алтынбековаға өз фильмінде ойнауды ұсынды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Спортшы Instagram парақшасында 2026 жылдың көктемінде өзінің алғашқы фильмін түсіретінін жариялады. Ол сценарийді өзі жазып, актерлерді жеке таңдап жатқанын және жобаның қаржылық жағын толықтай өз мойнына алатынын айтты.

"Иә, бұл рас: келесі жылы көктемде алғашқы фильмімді түсіремін. Сценарийді өзім жаздым, актерлерді де өзім таңдап жатырмын. Бұл мен үшін жай ғана жоба емес, қазақ кинематографиясына жаңа серпін беретін туынды болсын деймін. Қыздар, егер мен сіздерге жазсам – демек, сіздерді рөлге қарастырып жатырмын", – деп жазды Хамитов.

Пост астындағы пікірлерде желі қолданушылары болашақ фильм туралы белсенді талқылауға кірісті. Солардың бірі Хамитовқа волейболшы Сабина Алтынбекованы түсіруге кеңес берген.

Жауап ретінде спортшы Сабинаны белгілеп, қысқаша ғана:

"Керемет идея! Не дейсің?" – деп жазды.

Қазіргі уақытта Алтынбекова бұл ұсынысқа әзірге пікір білдірген жоқ.