Қазақ балуаны Әлішер Ерғали өзін Олимпиадада жеңген чемпионның тойына барды (фото)

Қазақ балуаны Әлішер Ерғали өзін Олимпиадада жеңген чемпионның тойына барды (фото)

фото: Фото ашық дереккөзден

Бахрейн құрамасы сапында өнер көрсететін еркін күрестен Олимпиада чемпионы Ахмед Тажудинов туған жері Дағыстанда үйлену тойын өткізді. Спортшының қуанышты күнінде көптеген танымал балуандар бас қосты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жас жұбайлардың қуанышына ортақтасуға келгендер арасында Қазақстан атынан күресетін Әлішер Ерғали де болды. Ерекше жайт – оны тойға екі дүркін Олимпиада чемпионы, «Орыс танкісі» деген атпен танылған Абдулрашид Садулаевтың өзі көлікпен алып келген. Бұл туралы балуан Әлішер Ерғали Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазды.

Ахмед Тажудинов соңғы Олимпиадада 97 келіде белдесіп, финалға дейін сүрінбей жетіп, чемпион атанған болатын. Ширек финалда ол қазақ балуаны Әлішер Ерғалимен кездесіп, 14:2 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен, арадағы спорттық бәсекеге қарамастан, қос балуанның арасындағы сыйластық пен достық өзгермегені байқалады.