фото: Sarah Stier/Getty Images. Суретте: Сауль Канело Альварес пен Геннадий Головкин
Proboxing-fans.com сайты әйгілі Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес арасындағы үшінші жекпе-жектің кейінге шегерілу себебі туралы жазды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Материалда аталғандай, қос боксшы арасындағы соңғы кездесу төрт жыл күткеннен кейін ғана өткен. Көпшілік бұл кідіріс үшін мексикалық Канелоны кінәлаған.
"Өзінің шарықтау шегіндегі кезінде GGG рингте қарсыластарын талқандаумен аты шыққан қаһарлы боксшы еді. Сол себепті көптеген жанкүйерлер мен сарапшылар Канелоны екі ауыр жекпе-жектен кейін (оның бірі – даулы тең есеппен аяқталған) үшінші кездесуден әдейі қашқақтады деп есептейді", – деп жазады басылым.
Үшінші жекпе-жек ақыры 2022 жылдың қыркүйегінде Лас-Вегаста өтті. Сол кезде Альварес қартая бастаған Головкинді ұпай санымен жеңіп, трилогияны өз пайдасына жапқан.
Басылым атап өткендей, сол сәттен бері 43 жастағы қазақстандық боксшы рингке қайта шыққан жоқ, дегенмен мансабын аяқтағаны туралы ресми мәлімдеме жасаған емес.
Айта кетейік, Головкин мен Канелоның алғашқы жекпе-жегі 2017 жылы, ал екінші кездесуі 2018 жылы өткен болатын.