"Барселона" клубының аңыз ойыншысы футболмен қош айтысты (ВИДЕО)

"Барселона" клубының аңыз ойыншысы футболмен қош айтысты (ВИДЕО)

фото: ESPN

Танымал испаниялық футболшы, қазіргі таңда АҚШ-тың "Интер Майами" клубында өнер көрсетіп жүрген Жорди Альба кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Барселона" мен Испания құрамасының бұрынғы қорғаушысы бұл жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Футболшының айтуынша, ол АҚШ-тағы маусым соңында, яғни 2026 жылдың 1 қаңтарында футболмен қош айтысады.

"Рақмет, футбол. Барлығы үшін алғыс айтамын!" – деп жазды Альба Instagram парақшасында.

Бұл жазбаны оқыған Лионель Месси мен Неймар Альбаға қолдау білдірді.

"Рақмет саған, Жорди. Мен сені қатты сағынамын", – деп жазды Месси.

"Сен нағыз аңызсың, бауырым! Қатты құшақтадым", – деп қосты Неймар.

Жорди Альба туралы

Жорди Альба – өз дәуіріндегі ең жылдам әрі тұрақты сол жақ қорғаушылардың бірі. Ол "Барселона" академиясының түлегі болғанымен, жас кезінде бойының қысқалығына байланысты командадан шығарылған. Кейін "Валенсия" сапында өзін танытып, 2012 жылы Каталония астанасына қайта оралған.

Мансабында Альба "Барселона" құрамында 459 матч өткізіп, 6 рет Испания чемпионы, 5 рет Кубок иегері және Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.

2023 жылы ол "Интер Майами" сапына ауысып, бұрынғы командаластары Месси, Бускетс және Суареспен қайта бірікті. АҚШ-та өткізген уақытында Альба 100-ге жуық матч ойнап, MLS чемпионатының және Лига кубогының иегері атанды.