фото: kff.kz. Суретте: Дастан Сәтпаев
Қазақстан футбол федерациясы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Лихтенштейн және Солтүстік Македонияға қарсы ойындарға қатысатын құраманың соңғы тізімін жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жарияланған құрамда "Қайрат" клубының және ұлттық құраманың жас жұлдызы Дастан Сәтпаевтың аты әлі де бар. Алайда бірнеше дереккөздің мәліметінше, футболшы жақында "Жетісуға" қарсы өткен ел біріншілігінің 24-туры аясындағы матчта жарақат алып, ұлттық құраманың оқу-жаттығу базасына келе алмаған.
Бұл жағдай бірқатар сұрақ туғызды. Ең бастысы – егер ойыншы жарақат алған болса, неге ол "Жетісуға" қарсы кездесуді толық ойнап шықты? Әлде бұл жарақат тек құраманың матчтарына қатысуына ғана кедергі келтірген бе?
Дастанның құрамнан тыс қалуы жанкүйерлер үшін үлкен тосынсый болды. Себебі ол жарнамалық баннерлердің бетінде бейнеленіп, көптен бері ұлттық құраманың символдық тұлғасына айналған еді. Сондықтан оның қатыспауы – команда үшін елеулі шығын.
Сонымен қатар, УЕФА ережесіне сәйкес, клуб ұлттық құрамаларға шақырылған ойыншылардың жарақаттары туралы ресми медициналық ақпарат беруге міндетті. Егер футболшы құраманың базасына келмесе, ол медициналық тексеруден дәл сол жерде өтуі тиіс. Бұл талаптар сақталды ма, әлде жоқ па – әзірге белгісіз. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бұл жағдайға қандай шара қолданатыны да беймәлім.
Айта кетсек, "Қайраттың" чемпиондық құрамынан алдағы матчтарға тек жартылай қорғаушы Дамир Қасаболат шақырылған.
Қазақстан құрамасы екі кездесу өткізеді:
- 10 қазан – Лихтенштейнге қарсы (Астанада);
- 13 қазан – Солтүстік Македонияға қарсы (түзде).