Күтпеген жаңалық: Допингпен ұсталған өзбек боксшысы рингке қайта оралмақ

Күтпеген жаңалық: Допингпен ұсталған өзбек боксшысы рингке қайта оралмақ

фото: Maja Hitij/Getty Images. Суретте: Лазизбек Муллажонов

Париж Олимпиадасының чемпионы, өзбек боксшысы Лазизбек Муллажонов допинг дауы шешілмей жатып, кәсіби рингке қайта оралмақ, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Еске сала кетсек, шілде айының соңында Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) ресми мәлімдеме жасап, Муллажоновтың допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылғанын хабарлаған еді.

ITA таратқан ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың 11 маусымында, жарыстан тыс өткен допинг-бақылау кезінде алынған сынамада метастерон метаболиттері анықталған.

Метастерон – бұл WADA тізіміндегі S1.1 "Анаболикалық андрогендік стероидтер" қатарына жататын зат. Ол жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға қатаң тыйым салынған. Бұл препарат бұлшық еттің тез өсуіне, күш пен төзімділіктің артуына әсер ететін синтетикалық стероид болып саналады.

"Спортшыға бұл жағдай туралы хабардар етілді және ол "B сынамасын" талдау құқығына ие. Егер B сынамасы A сынамасының нәтижесін растаса, бұл антидопинг ережелерін бұзу болып есептеледі. Ал егер B сынамасы сұралмаса, жағдай дәл солай расталған бұзу фактісі ретінде қаралады. Спортшыға өз түсіндірмесін беру мүмкіндігі беріледі", – делінген ITA мәлімдемесінде.