фото: pixabay.com
Белгілі жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еркін Жаппасұлының өмірден өткенін Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Министрлік марқұмның отбасына, туған-туыстарына және жақындарына қайғыра көңіл айтты.
Ведомствоның ресми Telegram-арнасында мәлім етілгендей, Еркін Жаппасұлы қазақ сатира жанрында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, қоғамдағы шындық пен күлкіні терең суреттей білген қаламгер болды. Ол ұлттық әдебиет пен баспасөздің дамуына зор үлес қосып, кәсіби шеберлігімен және ұлт руханиятына деген жанашырлығымен ерекшеленді.
"Мәдениет және ақпарат министрлігі жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, "Құрмет" орденінің иегері Еркін Жаппасұлының өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады. Еркін Жаппасұлының жарқын бейнесі, өткір тіл мен ойлы әзілге құрылған шығармалары, қаламгерлік қолтаңбасы әріптестерінің, оқырмандарының және барша қазақ журналистикасы қауымының жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын", — делінген министрліктің ресми хабарламасында.