фото: instagram.com/gggboxing. Суретте: Геннадий Головкин
Халықаралық Олимпиада комитеті мойындамаған IBA ұйымы бокстан әлем чемпионатын өткізетінін мәлімдеді. Бірнеше рет кейінге шегерілген турнир 2-13 желтоқсан аралығында БАӘ-де өтеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Умар Кремлев басқаратын ұйым спортшыларды тарту үшін қомақты қаражат уәде етті. Егер World Boxing Ливерпульдегі чемпионат жүлдегерлеріне ресми сыйақы төлемесе, IBA бұрыннан-ақ аңызға бергісіз төлемдерімен ерекшеленіп келеді.
2024 жылы Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында тіпті ширек финалға шыққан боксшылар да 1000 доллардан алды. Сонымен бірге әр құрамаға үш бапкердің жолақысы мен тұратын шығыны өтелген болатын.
Енді Дубайда IBA мынадай рекордтық сыйақыларды жариялады:
- 300 000 $ – алтын медаль үшін (екі жыл бұрын – 100 000 $)
- 150 000 $ – күміс жүлдегерлерге
- 75 000 $ – қола медаль иегерлеріне
- 15 000 $ – ширек финалистерге
Бірақ бұл сома толықтай спортшыға берілмейді. Қаражат былайша бөлінеді:
- 50 % – спортшыға
- 25 % – бапкерге
- 25 % – ұлттық федерацияға
Екі жарым жыл бұрын IBA өткізген соңғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс жүлде алған еді. Ал қазір жағдай басқаша: Дубайға мүлде бармай қалуымыз мүмкін деген сөздер айтылып жүр.
Негізгі себеп – саясат. Қараша айында Римде World Boxing-тің жаңа президентін сайлауы өтеді. Қазақстан ҰОК басшысы Геннадий Головкиннің есімі басты үміткерлер қатарында аталып жүр. Егер GGG шынымен де ұйымның тізгінін ұстаса, қызық жағдай қалыптасады: ол бір құрылымды басқарады, ал Қазақстан боксшылары қарсы лагерь саналатын IBA додасында жұдырықтасады.
Соған қарамастан, елде мықты боксшылар өте көп. Олардың қомақты қаржы табу мүмкіндігін кейбір шенеуніктердің амбициясына бола құрбан ету – әділетсіз.