фото: FIFA via Getty Images
2027 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионаты (U20, яғни 20 жастан аспаған ойыншылар қатысады) Өзбекстан мен Әзербайжанда өтеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл шешім 2 қазанда Швейцарияның Цюрих қаласында өткен ФИФА кеңесінің отырысында қабылданды.
Осылайша, Әзербайжан мен Өзбекстан 2027 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің бірлескен қожайыны атанады. Айта кетейік, дәл қазір осындай турнир Чилиде өтіп жатыр.
Сонымен қатар, Лондон ФИФА әйелдер чемпиондар кубогының финалдық кезеңін қабылдайтыны мақұлданды. Бұл турнир төрт матчтан тұрады және 2026 жылдың 28 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Ұлыбритания астанасында өтеді.
ФИФА президенті Джанни Инфантино кіріспе сөзінде үлкен мәселені қозғады.
"ФИФА-да біз футболдың күшін әлем халқын біріктіру үшін пайдалануға тырысамыз. Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан қақтығыстардан зардап шегіп отырған жандар жайлы ойлаймыз. Қазір футбол жеткізе алатын ең маңызды хабар – бұл бейбітшілік пен бірлікке шақыру. ФИФА геосаяси мәселелерді шеше алмайды, бірақ футболды бүкіл әлемде дамытуға, оның біріктіруші, тәрбиелік, мәдени және гуманитарлық құндылықтарын алға тартуға міндетті", – деді Инфантино.
Айта кетейік, Өзбекстан мен Әзербайжан құрамалары қожайын елдер ретінде 2027 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне автоматты түрде жолдама алды.