2 пенальти, 5 гол: "Реал" алматылық "Қайратты" ойсырата жеңді

2 пенальти, 5 гол: "Реал" алматылық "Қайратты" ойсырата жеңді

фото: "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі. Суретте: "Қайрат" футбол клубы

Испаниялық "Реал" футболшылары Алматыда өткен УЕФА Жастар лигасы аясындағы ойында алматылық "Қайратты" ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

19 жасқа дейінгі ойыншылардан құралған командалар жалпы кезеңнің екінші турында кездесті. Матч Алматыдағы Тимур Сегізбаев атындағы академия стадионында көрерменсіз өтіп, қонақтар 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Бірінші тайм аяқталмай жатып, мадридтіктер айқын басымдыққа шықты. Гол авторлары – Хайме Барросо (8-минут), Виктор Вальдепеньяс (18) және Роберто Мартин (38). Алматылықтар сапынан Азамат Тұяқбаев есепті қысқартуға мүмкіндік алғанымен, 23-минутта оның пенальтиден тепкен добына қақпашы Илья Волошин тосқауыл болды.

Екінші таймда "Қайрат" сапында жалғыз голды Исмаил Бекболат (58) соқты. "Реал" ойыншысы Якобо Ортега (77) матчтағы соңғы допты соқты. Ол қосымша уақытта тағы бір пенальти тепті, бірақ алматылықтардың қақпашысы Данила Буч оның соққысын қайтарды.

Осылайша, "Қайрат" УЕФА Жастар лигасында қатарынан екінші мәрте жеңілді. Бұған дейінгі турда алматылықтар сырт алаңда Лиссабонның "Спортингіне" 2:3 есебімен жол берген. Қазіргі таңда "Қайраттың" қоржынында бірде-бір ұпай жоқ, команда 30-орында тұр. Ал "Реал" жастары 6 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап келеді.

Айта кетейік, УЕФА-ның Жастар лигасының негізгі кезеңінде ересектер арасындағы Чемпиондар лигасындағыдай 36 клуб ойнайды. Жиынтық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік 22 команда плей-оффқа жолдама алады.

Еске салсақ, бүгін кешке Алматының Орталық стадионында "Қайрат" пен "Реалдың" негізгі құрамы кездеседі. Матч 21:45-те басталады.