"Бұларды тексеру керек": Еспанов пен Майғазиевтің ұлдары күдікке ілінді (ФОТО)

"Бұларды тексеру керек": Еспанов пен Майғазиевтің ұлдары күдікке ілінді (ФОТО)

фото: sportinside.kz коллажы

Танымал әншілер Нұрлан Еспанов пен Сәкен Майғазиевтің балалары әлеуметтік желіде жанкүйерлердің ашуына тиді. Олар Алматыда өтетін "Қайрат" – "Реал" ойынына арналған билеттерді қайта сатып жатқаны белгілі болды, деп Sportinside.kz тілшісі ozgeris.info сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас Еспанов бірнеше билет сатып алғанын жасырмай, жоғары бағамен саудаға шығарды.

"Бір билет бағасы – 600 мың теңге. 500 мыңдық билеттер де бар. Билеттер қайта сатылымға шықты. Саудасы бар аз-маз. 34 сектор, 9 қатардан екі билет бар. Әрқайсысы 500 мың теңгеден болады. "Қайрат" клубының мүшелеріне шақыру билеттер. ЖСН жазып керек емес, сканерлеп өте бересің", – деп жазды ол.

Көп ұзамай Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет те билеттерін жарнамалады.

"9, 14, 1, 8 қатарлардан билеттер бар. 350 мың теңгеге беремін. Тездетіп жекеме жаза қойыңдар", – деп жариялады ол.

Бұл хабарландырулар жанкүйерлердің ашу-ызасын туғызды. Көпшілік әлеуметтік желілерде әділетсіздікке қарсы пікірлер қалдырды.

"Мына жерде кемі 20 билет бар. Бұл дұрыс па?! Біз сайт істемей тұрғанда билет ала алмай қалдық. Ал бұлар 20-дан алыпты. Барлығымыздың құқығымыз бірдей емес пе?", "Полицияға арыз жазу керек", "250 мыңдық билетті 1 миллионға сатып пайда көріп отыр", "Бұларды тексеру керек", – деп жазды желі қолданушылары.