фото: Oscar J. Barroso/Europa Press via Getty Images. Суретте: Килиан Мбаппе
"Реал" клубының шабуылшысы Килиан Мбаппеге қатысты қауесет көбейе бастады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Атлетикодан" 2:5 есебімен жеңілгеннен кейін командадағы кемшіліктер айқын көріне бастады. Соңғы кездері "Реалдың" шабуылы Мбаппеге тым қатты тәуелді боп қалды. Франциялық шабуылшы маусым басынан бері он гол соқты, ал қалған ойыншылар айтарлықтай артта қалып отыр.
Винисиус Жуниор, Арда Гюлер, Франко Мастантуньо және Эдер Милитао ғана гол соғып, көзге түсті. Ал Родриго Гоэс, Браим Диас, Феде Вальверде және Орельен Тчуамени әзірге өз деңгейіне жете алмай жүр.
Сол себепті команданың ішінде алаңдаушылық артуда. Мбаппе өзі жалғыз қарсылас қақпасы маңында шешуші сәттерді жасап жүр. Енді тағы бір интрига пайда болды. Defensa Central деректеріне сүйенсек, "Қайратқа" қарсы ойында Килиан алаңға қосалқы құрамнан шығуы мүмкін.
Егер бұл қауесет расталса, онда Мбаппесіз "Реалдың" нәтижеге жауапкершілігін бүкіл команда көтеруі тиіс. Бұл кездесу "Реал" үшін тек турнирлік ұпай тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар клубтың басты жұлдызына демалыс берілгенде, жоғары нәтиже көрсете алатынын дәлелдеу тұрғысынан да маңызды.
Еске сала кетейік, "Қайрат" Чемпиондар лигасындағы жолын сырт алаңда "Спортингтен" 1:4 есебімен жеңілістен бастады. Ал "Реал" өз алаңында франциялық "Марсельді" 2:1 есебімен ұтқан болатын.