Арақтан көзі көрмей қалды: Өзін-өзі жұтқан Олимпиада чемпионы туралы білесіз бе?

Арақтан көзі көрмей қалды: Өзін-өзі жұтқан Олимпиада чемпионы туралы білесіз бе?

фото: PongsakornJun / Royalty-free / Gettyimages.ru

Ол Олимпиада шыңын бағындырды. Алайда бұдан да үлкен жетістіктерге қол жеткізе алатын еді. Бірақ атақ-даңқты көтере алмай, алдамшы тірліктің соңынан ере берді. Спорттан алыстау, ішімдікке салыну секілді кеселдер даңқты спортшының тағдырын қайғылы жағдайға әкеп соқтырды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жойқын оң қол

Вячеслав Лемешев есімі 1960-жылдардың соңында кеңестік спорт басылымдарында жиі айтыла бастады. 1969 жылы ол жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатын жеңіп алды. Оның өткір қарсы шабуылға құрылған ерекше стилі бокс мамандарын бірден таңғалдырды. Бұл тәсілді оған алғашқы бапкері Лев Сегалович үйреткен еді.

Үш жылдан кейін ол ересектер құрамасымен бірге Мюнхен Олимпиадасына барды. Тіпті оны турнирге соңғы сәтте қосқан болатын. Осы жолда тіпті ел чемпионы Руфат Рискиевтен де бас тартуға тура келді. Дегенмен, тәуекел ақталды – Лемешев барлық жекпе-жектерін айқын жеңіспен, өзінің жойқын оң қолымен нокаутпен аяқтады.

Фото: РИА Новости / Юрий Сомов
Фото: © РИА Новости / Юрий Сомов

Алғашқы даңқ және маскүнемдік

1973 және 1975 жылдары ол Еуропа чемпионаттарында да топ жарды. Бірақ Олимпиададан кейін-ақ оның тәртібінде өзгерістер байқалды. Спортшы ішімдікке әуес болып, жаттығуларды жиі өткізіп алатын болды.

Куәгерлердің айтуынша, Лемешев ішетінін көпшіліктен жасырмайтын. Олимпиададан кейінгі үйлену тойында бар болғаны бір жарым сағаттан соң қатты мас болып қалғаны көпшілікті таңғалдырды. Алғашқы бапкері Лев Сегалович оны қатты сынап, тіпті қолынан темекісін тартып алғанын еске алған. Бірақ бәрібір ол бұл кеселдерден құтыла алмады.

Фото: РИА Новости / Ю. Моргулис

Жарақат мен құлдырау

Араққа әуестік пен тәртіпсіздік ақыры өз әсерін тигізді. Лемешев оң қолынан ауыр жарақат алып, бұрынғыдай нокаут жасай алмай қалды. 1976 жылғы Олимпиадаға қатысқан жоқ. Үлкен спорттағы жолы да аяқталды.

1980 жылы ол ГДР-дегі Кеңес әскерінің құрамына бапкер ретінде аттанды. Бірақ оның бапкерлік мансабы да көпке созылған жоқ. Ішкілігі жұмыс мансабына да кері әсерін тигізіп, тағдыры шатқаяқтай түсті.

Өмірінің соңғы жылдары

Германиядан оралған соң, ол бокстан тыс қалды. Екі рет ажырасып, күнкөріс үшін түрлі қарапайым жұмыстар істеді: насос станциясының машинисті, вахтер, тіпті зиратта да еңбек етті.

1980-жылдардың соңында оның денсаулығы күрт нашарлай бастады: жадында ақаулар пайда болды, псориазбен ауырды. Кейін көзі көрмей қалды, ми атрофиясы, бауыр дерті мен эпилепсия қосылды. 1995 жылы комаға түсіп, әрең тірі қалды. Бірақ көп ұзамай жағдайы қайта қиындады.

1996 жылдың қаңтарында ауруханаға түскен Вячеслав Лемешев 43 жасында дүниеден өтті.