фото: todayinfo.kz
Орта Шығыста әскери шиеленіс ушығып тұрған шақта, Иран мен Израиль арасындағы тарихи жаулыққа қарамастан, екі елдің ұрпақтары махаббатқа жол тауып отыр. Иранның соңғы шахы Мұхаммед Реза Пехлевидің немересі Иман Пехлеви мен еврей кәсіпкер Брэдли Шерманның үйлену тойы Парижде өтті, деп Sportinside.kz тілшісі Todayinfo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
31 жастағы Иман мен Брэдли төрт жыл бойы қарым-қатынаста болып, 2023 жылдың тамызында ресми түрде құда түсіп, осы жылдың көктемінде Нью-Йоркте заңды некеге тұрған. Жас жұбайлардың үйлену рәсіміне жақын туыстары ғана қатысып, оның ішінде Иманның әкесі, Иран тақ мұрагері Реза Пехлеви де болған.
Қиын замандағы махаббат
Иман Пехлеви – АҚШ-та дүниеге келіп, Мичиган университетін психология және коммуникация мамандықтары бойынша тәмамдаған, қазіргі уақытта қаржы секторында жұмыс істейді. Күйеуі Брэдли Шерман – IT және электрондық сауда саласындағы табысты кәсіпкер.
Олардың одағы, әсіресе, Иран мен Израиль арасындағы геосаяси жағдай шиеленіскен уақытта, жаһан жұртын таңғалдырды. Израиль Иран нысандарына соққы жасап жатқанда, Иран ханшайымының еврей ұлтынан шыққан азаматқа тұрмысқа шығуы — шекара мен саясатты махаббат жеңе алатынын көрсеткен таңғаларлық оқиға.
Реза Пехлеви не деді?
Тойдан кейін Реза Пехлеви әлеуметтік желіде:
«Тақ мұрагері және оның отбасы шын жүректен құттықтау мен ізгі тілектер жолдаған баршаға алғыс білдіреді. Жас жұбайлар да, әсіресе, ирандықтарға ризашылығын білдіреді», – деп жазды.
Реза Пехлеви — Ирандағы Пехлеви монархиясының соңғы заңды мұрагері. 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін әулетімен бірге Ираннан қуылып, қазіргі таңда АҚШ-та өмір сүріп жатыр. Ол оппозициялық қозғалыстың белсенді өкілі ретінде Иранда демократиялық өзгерістерді жақтап келеді.
Израиль мен Иран: кеше және бүгін
1979 жылға дейін Иран мен Израиль экономикалық, әскери және қауіпсіздік саласында тығыз қарым-қатынаста болған. Израиль Иранға жылына 100 миллион доллардан астам тауар экспорттаған. Алайда аятолла Хомейни билікке келген соң, Израильмен барлық байланыс үзілді. Бүгінде екі ел бір-біріне ашық жаулық танытып келеді.