фото: t.me/olympickz. Суретте: Геннадий Головкин
Ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, украиналық Владимир Кличко World Boxing президентін сайлауға қатысады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Inside The Games дерегінше, әуесқой бокс ұйымының қазіргі басшысы Борис ван дер Ворст екінші сайлауға қатыспайды.
Кличкодан бөлек, президенттікке орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, қазір Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин және Грекия бокс федерациясының басшысы Харис Мариолис үміткер болады.
World Boxing президентін сайлау қарашада өтеді. Үміткерлердің түпкілікті тізімі дауыс беруге кемінде 30 күн қалғанда жарияланады.
2025 жылдың көктемінде Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2028 жылғы Олимпиада ойындары бағдарламасына боксты қосуды бірауыздан мақұлдады. Ақпанда ХОК World Boxing ұйымын әлемдік деңгейде боксқа жетекшілік ететін халықаралық ұйым ретінде уақытша таныды. World Boxing 2023 жылдың маусымында олимпиадалық тізімнен шығарылған Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) орнына келуі тиіс.