Ұлттық құраманың тағы бір аңыз ойыншысы командамен қош айтысты (ВИДЕО)

Ұлттық құраманың тағы бір аңыз ойыншысы командамен қош айтысты (ВИДЕО)

фото: kff.kz

Қазақстан құрамасының және Сауд Арабиясының "Әл-Ула" клубының қорғаушысы Дуглас Жуниор ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Сәлем, достар! Қалдарыңыз қалай? Қазір үйдемін, бәрі тыныш. Барлығыңызға хабарлаймын: Қазақстан футзал құрамасындағы менің ойыншы ретіндегі кезеңім аяқталды. Бұл шешім 23-і күні болған жеңіліске немесе Еуропа чемпионатына өте алмауымызға байланысты емес. Бұл шешімді отбасыммен бірге ертерек қабылдағанмын, саналы түрде жасалған қадам. Мен үшін, отбасым үшін, мансабым үшін осылай аяқтаған дұрыс деп шештік. Әр кезеңнің соңы бар, менің кезеңім де осылай аяқталды. Осы 10 жыл бойы кәсіби әрі жеке өмірімнің бір бөлігі болған баршаңызға алғыс айтамын. Бұл – сөзсіз, мансабымдағы ең керемет 10 жыл болды. 2014 жылы мені алып келген Какауға, сенім артқан Қайрат Оразбеков пен Андрей Мищенкоға, әрі жұмысты жалғастырған Какаға, командаға жылы қабылдаған жергілікті жігіттерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Алғашқы ойынымнан бастап бәрі есте. Боснияға қарсы дебюттік матчта 4:2 есебімен жеңдік, мен екі гол соқтым. Сол сәттен бастап бізді ұлы сәттер күтіп тұрғанына сенімді болдым. Біз шынымен де бірге тарих жасадық. Мен, Дуглас Жуниор, қазақ халқымен бірге осы елде өмір сүріп, жанкүйерлермен кездескен сәттерімді ешқашан ұмытпаймын. Сіздер мәңгі менің жүрегімдесіздер! Енді мен аяқтаймын, бірақ Қазақстан құрамасына әрқашан жанкүйер боламын. Бірде менен: "Құрамадағы мансабыңа көңілің тола ма, жетпей қалған титул бар ма – Еуропа чемпионаты ма, әлде Әлем чемпионаты ма?" – деп сұраған еді. Мен: "Қазақстан құрамасының бір бөлігі болу және елдегі футзалдың дамуына үлес қосу – мен үшін үлкен жеңіс" деп жауап бердім. Баршаңызға рақмет! Әрқашан сіздермен біргемін. Алға, Қазақстан", – деп жазды Дуглас Жуниор.