фото: ашық дереккөзден
Францияда 87 жасында итальяндық актриса Клаудия Кардинале дүниеден өтті. Ол 1960-жылдары танылып, өмірінде 150-ден астам фильмге түсті.
The New York Times дерегінше, актрисаның қазасы туралы оның агенті Лоран Самри хабарлаған. Өлім себебі нақтыланбады. Белгілі болғандай, соңғы жылдары Кардинале Францияда тұрған.
DW жазғандай, өнер иесі Париж маңындағы Немур қаласында балаларының жанында көз жұмды.
Клаудия Кардинале 1938 жылдың 15 сәуірінде Тунистегі Ла-Гулет қаласында дүниеге келген. 17 жасында сұлулық байқауында жеңіске жетіп, "Тунистегі ең әдемі итальян қызы" атанған. Сол жеңіс оған Венеция кинофестиваліне жолдама сыйлады. Дәл сол жерде ол бірнеше режиссердің көзіне түсті.
1960-жылдардың басында режиссер Лукино Висконти Кардиналені "Рокко және оның бауырлары" және "Леопард" фильмдеріне түсірді. Сондай-ақ актриса 1969 жылы Серджио Леоненің классикалық вестерні "Бір кездері Жабайы Батыста" фильмі арқылы кино тарихында мәңгілік із қалдырды. Ал америкалық көрермендер оны ең алдымен "Қызғылт пантера" фильмі арқылы таныды.