фото: Фото ашық дереккөзден
Белгілі актриса, продюсер, тележүргізуші әрі Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова тұңғыш қызы Сезімнің мектеп бітіру кешіне қатысты. Ол ерекше толқыған сәтін әлеуметтік желіде жүрекжарды жазбасымен бөлісті.
Жұлдыздың айтуынша, бұл кеш тек қызының ғана емес, өзі үшін де өміріндегі үлкен белестердің бірі болған. Қызы Сезім анасына жүгіріп келіп құшағына кіргенде, жүрегі елжіреп, көзіне жас алған.
«Қызым маған жүгіріп келіп, құшағыма ене кетіп, қатты қысып “Анашым! Рақмет!” дегенде тамағыма өксік келді. Тілімді жұтып қойғандай үнсіз ғана құшақтап, кешірім сұрауымды тоқтатпадым. Іштей тілеуімді тілеп, көзімнің жасын тыя алмадым», – деп жазды Жұлдыз.
Актриса қызының бұл жетістігіне қуанып қана қоймай, аналық еңбегінің жемісін сезінгенін айтып, өміріндегі аналық миссиясының мәнін терең түйсінгенін жеткізді.
«Баланы аман-есен дүниеге әкелу, ешкімге өкпесіз өсіру, ерінбей дамыту, зейінін ашу, ауыспалы кезеңде сабырмен үнсіз тыңдау, сенім арту, жылағанда жұбату, сүрінгенде қолдау, жетістігіне қуану, сұрағына толыққанды жауап беру, махаббатың мен мейіріміңді аямай беру, сөйлесуге уақыт бөлу арқылы ғана балаңнан күтпеген, сұрамаған жерден жемісіңнің дәмін сезу — ғажап СЕЗІМ екен», – деп жазды ол.
Жұлдыз Әбдікәрімова осы кеште басынан өткен сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес екенін айтып, өзін аналық міндетін лайықты атқара алғанына риза екенін білдірді.
«Сол эмоцияны кеше басымнан өткіздім де, өзіме риза болдым. Жаратқанға сансыз шүкір!» – деді ол.