Сүйінші! Асхат Аймағамбетов бар қазақты қуантатын жаңалығын бөлісті

Сүйінші! Асхат Аймағамбетов бар қазақты қуантатын жаңалығын бөлісті

фото: Sputnik / Санат Имангалиев. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікті қуантатын маңызды жаңалықтарды жариялады.

Айтуынша, депутаттың бастамасымен бірқатар әлеуметтік маңызы бар нормалар әзірленген. Олар – ғылыми байқаулар жеңімпаздарына сыйақы төлеу, университеттерді жаңа қағидат бойынша қаржыландыру, грант иегерлерінің белгілі бір санатын міндетті өтеуден босату және балабақшаларды қорғау. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бұл заң жобасы екінші оқылымда қаралуда.

Талантты оқушыларға қолдау. Енді халықаралық ғылыми байқауларда жүлде алған оқушыларға 6 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі. Оларды дайындаған мұғалімдер де біржолғы төлемақымен марапатталмақ. Былтыр мұндай жеңімпаздарға ҰБТ тапсырмай-ақ грантпен ЖОО-ға түсу мүмкіндігі берілген еді. Жаңа шара осы қолдаудың жалғасы болып отыр.

Мектептерге есім беру тәртібі. Жекеменшік мектептер белгілі тұлғалардың атын өз бетінше иелене алмайды. Ол үшін міндетті түрде ономастикалық комиссияның ресми рұқсаты қажет болады.

Университеттерді қаржыландыру жүйесі. ЖОО-ға қаржы бөлу енді студент санына емес, оқу сапасына байланысты жүзеге асады. Бұл жоғары білім беру саласында бәсекелестікті арттырып, бағдарламалардың сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

Міндетті өтеуден босату. Мүгедек баласы бар немесе ауыр науқас туысын бағып отырған түлектер мемлекеттік грантты өтеуден босатылады. Сондай-ақ шетелде (резидентура, магистратура, аспирантура, докторантура) оқуын жалғастырып жүргендерге оқу аяқталғанға дейін кейінге қалдыру құқығы беріледі.

Балабақшаларды қорғау. Мемлекеттік балабақшаға бөлінген жерлердің мақсатын өзгертуге қатаң тыйым салынады. Яғни олар сауда нысандарына айналмайды және жеке меншікке берілмейді.

Сонымен қатар, енді қыста 6 жасқа толған балалар жазға дейін балабақшада қала алады. Бұрын мұндай балаларды бірден шығарып жіберу ата-аналарға қиындық тудыратын. Жаңа ереже бұл мәселені шешеді.

Admin
Admin
Автор