фото: Сали Сабиров / ҰОК. Суретте: Нұрбек Оралбай
World Boxing ұйымының басшысы Борис ван дер Ворст Ливерпульде өткен әлем чемпионаты туралы өз әсерін бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Мұнда көптеген жас боксшыны көріп тұрсыздар, бұл жаңа кезеңнің бастауы. Мен Лос-Анджелесте керемет жекпе-жектерді тамашалайтынымызға кәміл сенемін. Сол сәтті асыға күтіп жүрмін. Менің арманым боксты олимпиадалық спорт түрі ретінде сақтап қалу еді. Өз уәдемді орындадым. Енді арманын жүзеге асыратын – боксшылардың өзі.
Сіздер Өзбекстанның әнұранын естідіңіздер, ал жалпы алғанда, Өзбекстан мен Қазақстан – өте мықты командалар. Бірақ сонымен бірге Польша мен Бразилияның әйелдер құрамалары да ерекше өнер көрсетті. Тағы бірнеше тамаша команданы байқадық, соның ішінде Үндістан да бар. Олар тарихтағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Менің ойымша, олар да бокстағы жаңа күшке айналады", – деді ван дер Ворст.
Айта кетейік, World Boxing аясында алғаш рет өткен бұл әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды (7 алтын, 1 күміс, 2 қола). Ал Өзбекстан командасы екінші орынды иеленді (6 алтын, 2 күміс, 3 қола).