Қазақстандық теннисші бұрын-соңды ел естімеген жетістікке жетті

Қазақстандық теннисші бұрын-соңды ел естімеген жетістікке жетті

фото: Andy Cheung/Getty Images. Суретте: Александр Бублик

Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) соңғы турнирлердің қорытындысы бойынша ерлердің жекелей және жұптық санаттағы әлемдік рейтингін жаңартты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Қазақстандық теннисші Александр Бублик үлкен жетістікке жетті. Елдің бірінші ракеткасы саналатын ол Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен турнирде чемпион атанып, мансабындағы сегізінші титулын жеңіп алды.

Бұл жеңіс Бубликке рейтингте үш сатыға жоғары көтерілуге мүмкіндік беріп, ол 16-орынға табан тіреді. Бұл – спортшының жеке рекорды. Бұған дейін ол 17-орыннан жоғары көтерілмеген еді.

Қазақстанның екінші ракеткасы Александр Шевченко Қытайдың Чэнду қаласында өткен турнирде жартылай финалға дейін жетіп, рейтингте бірден сегіз саты көтерілді. Қазір ол ATP тізімінде 88-орында тұр.

Ерлердің жекелей сындағы көшбасшы орнын испандық Карлос Алькарас сақтап қалды. Одан кейін алғашқы үштікке италиялық Янник Синнер мен неміс Александр Зверев енді. Ал жұптық разрядта бірінші орында британдық Ллойд Гласспул тұр.