«Қолым жоқ болса да, балаларымды жетектедім»: екі тағдырды тоғыстырған қайсар әке туралы хикая

«Қолым жоқ болса да, балаларымды жетектедім»: екі тағдырды тоғыстырған қайсар әке туралы хикая

фото: Казинформ

Қызылордалық Бахтияр Өмірәлі – өмірдің қандай қиын сынағы болса да, мойымай, отбасын асырап отырған ерекше жан. Ол туғаннан екі қолсыз өмір сүруде. Ал жұбайы Лаураға бала кезінен сал ауруы диагнозы қойылған. Екеуінің махаббат жолы да, отбасылық өмірі де ешкімге ұқсамайды. Бірақ олар бәріне төтеп беріп, үлгілі шаңырақтың иесіне айналды.

Үміт пен махаббат – олардың өмірінің негізі

Бахтияр мен Лаура 2010 жылы шаңырақ көтерді. Бірақ бұл оңай шешім болмады. Жастар бірнеше жыл бойы туыстарынан жасырын кездесуге мәжбүр болды.

“Үш жыл бойы тек күндіз ғана кездестік. Ақырында анам: ‘Бізге бірдеңе болса, оған кім қарайды? Үйленсін’ деді. Сөйтіп бас қостық”, – дейді Бахтияр.

Ал Лаура дәрігерлердің бала көтеруге болмайтыны туралы ескертуіне қарамастан тәуекелге бел буды. Қиын жүктіліктен кейін екі бала дүниеге келді. Қазір ұлы мен қызы ата-анасына жан-жақты қолғабыс жасап жүр.

“Қызым бұрын журналист болғысы келетін, қазір медбике болсам дейді. Ұлым полицей не футболшы болсам дейді. Екеуі де – біз үшін тірек”, – дейді әкесі қуанышпен.

Әке тәрбиесі – өмір мектебі

Бахтияр әкесінің қатал тәрбиесін үлкен өмірге дайындаған мектеп деп есептейді. Қолының жоқтығына қарамастан, ол аяқ саусақтарымен тұрмыстық техникалар жөндеп, есік-терезе орнатып, жөндеу жұмыстарын жасай алады.

“Әкем мені аямады. Қайта шынықтырды. Қазір отбасыма қамқор болып отырсам – соның арқасы”, – дейді ол.

Бала тәрбиесіндегі ұстанымы ерекше

Бахтияр мен Лаура балалардың еркін ойлауын, ашық пікір айтуын құптайды. Оларды өмірге бейімдеуде қаталдық пен махаббатты тең ұстауға тырысады.

“Біз: ‘Артыңда біз бармыз, бірақ арманыңа өзің жет’ деп үйретеміз. Бір қиындық болса, алдымен өздері шешуге тырысуы керек”, – дейді Бахтияр.

Қайсарлық пен махаббаттың үлгісі

Бахтияр мен Лаура – тек отбасы құрып қана қоймай, қоғамға үлгі болатын тұлғалар. Екі қолсыз шебердің әрекеті, ауруға шалдыққан ананың ана болуға бел буғаны, махаббаттың күшіне сенген қос жүректің ұл-қыз тәрбиелеуі – бұл шынымен де таңдануға тұрарлық тағдыр.

Бұл – өмірдің шынайы күресін жеңген ерлі-зайыптылардың оқиғасы. Олар – махаббат пен қайсарлықтың символына айналған қазақ отбасы.