"Гена не істеп жүр? Боксшыларды қорғайтын адам керек" – Танымал журналист мәселе көтерді

"Гена не істеп жүр? Боксшыларды қорғайтын адам керек" – Танымал журналист мәселе көтерді

фото: olympic.kz. Суретте: Махмұд Сабырхан

Белгілі спорт журналисі Есей Жеңісұлы Ливерпульде өткен әлем чемпионатының қорытындысы жайында пікір білдіріп, қазақ боксшыларын қорғау мәселесін көтерді. Бұл туралы ол Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп Sportinside.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Журналистің сөзінше, кейбір жекпе-жектерде отандастарымыздың жеңісі өзге боксшыларға беріліп кеткен. Сондықтан да халықаралық деңгейде спортшыларымыздың мүддесін қорғайтын тұлға керек.

"Головкин қазір World Boxing комиссиясының басшысы. Ол боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау үшін жұмыс істеп жүр. Айналамыздағы бір халық сондай әдіске жүгінеді екен. Ендеше, "ондай жоқ" деп отырмай, біз де сақтануымыз керек. Ол Геннадий Головкин бола ма, кезіндегі Бекет Махмұтов сияқты тұлғалар бола ма, бәрібір. Мысалы, әлем чемпионатында түрік төрешесінің Айбек Оралбай мен Назым Қызайбайдың нәтижесін бұра тартқаны бар. Осының бәрінің алдын алу керек", – деді ол.

Есей Жеңісұлы Олимпиада ойындарында да күмәнді шешімдердің болғанын еске салды.

"Өзіңіз қараңыз, Олимпиада кезінде  Асланбек Шымбергенов те, Махмұд Сабырхан да 3:2 деген есеппен жеңілді. Мұндай кездесуде жеңісті екі боксшыға да беруге болады. Сондай кезде бізді қорғайтын адам керек. Бейбарыс Жексенді жеңілмеді деп отырмыз. Егер жеңілмеген болса, табанға таптатпайтын қорғаныс керек. "Гена басында не істеп жүр?" деген сұрақ та дұрыс. Егер осы тенденция жаңадан ашылған World  Boxing ұйымында да болса, онда бізге сақтану керек", – деді журналист.