фото: Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Сәкен Бибосынов
Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов 2025 жылы Ливерпульде өтетін әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол YouTube желісіндегі «Спорт Министрі» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Барлығы бапкерлер шешіміне байланысты"
4–14 қыркүйек аралығында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтетін әлем чемпионатына Қазақстан құрамасының ең таңдаулы былғары қолғап шеберлері қатыспақ. Дегенмен, Сәкен Бибосынов бұл доданың тізімінде бола ма – бұл әзірге белгісіз.
"Қазір толықтай бабыма келдім. Жаттығу жасап жүрмін. Бірақ шешімді бас бапкер қабылдайды. Бұл салмақта мен қазір бірінші де, екінші де нөмір емеспін. Егер мүмкіндік берілсе, елімді жеңіспен қуантқым келеді", – деді Бибосынов.
Қайта бабына келіп жатыр
Сәкен соңғы айларда денсаулығына байланысты аздап үзіліс алған еді. Қазір ол физикалық тұрғыдан қайта қалпына келіп, жаттығуларын жалғастырып жатыр. Оның айтуынша, әлем чемпионаты – кез келген боксшы үшін үлкен мүмкіндік. Алайда ұлттық құрама сапында қатаң бәсекелестік бар екенін де жасырмады.
Кәсіпқой боксқа өту – болашақтың ісі
Осыдан бірнеше күн бұрын Бибосынов кәсіпқой боксқа өту мүмкіндігі туралы айтқан болатын. Әлемдік және отандық промоутерлерден түрлі ұсыныстар түсіп жатқанын айтқан ол, әзірге ұлттық құрамадағы міндетіне басымдық беріп отырғанын жеткізген еді.
"Кәсіпқой боксқа өту туралы ұсыныстар бар. Бірақ бәрі бапкерім мен федерацияның шешіміне байланысты. Қазір ұлттық құрамада жүргендіктен, бұл жайында нақты шешім қабылдаған жоқпын", – деген болатын ол сол сұхбатында.