Ағайынды Сабырхандардың әкесі Айдархан Сабырхан балаларын қадағалап ұстайтынын айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Кеше, 22 қыркүйекте Шымкент қаласының әкімдігі бокстан әлем чемпионы атанған ағайынды Сабырхандарға көлік кілттері табыстаған еді. Осы жиыннан кейін журналистер қос боксшының әкесінен "балаларыңыз осындай марапаттан кейін босаңсып кетпей ме?" деп сұрады.
"Құдай сақтасын, ондай ақымақтыққа бармайды. Тірліктерін, жаттығуларын үзбей жасайды. Қадағалап отырамын өзім. Кейде жаттығудан шаршап келеді. Сол кезде демалыс керек. Өзім массаж жасап беремін", – деді Айдархан Сабырхан.
Еске сала кетейік, жақында Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында ағайынды Сабырхандар жеңімпаз атанған еді. Ағасы Махмұд Сабырхан 55 кг салмақта үздік атанса, інісі Төрехан Сабырхан 70 кг салмақта топ жарды.