фото: Sportsfile via Getty Images
World Boxing ұйымының президенті Борис ван дер Ворст алдағы қараша айында өтетін ұйымның үшінші жыл сайынғы Конгресіндегі президенттік сайлауында өз кандидатурасын ұсынбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Өз шешімі туралы Борис ван дер Ворст 2025 жылғы 18 қыркүйекте World Boxing-ке мүше ұлттық федерациялар президенттеріне жолдаған жеке хатында хабарлаған.
"Мен сіздерге өзім жүгініп отырмын: ұзақ ойланғаннан кейін World Boxing ұйымының президенті қызметіне қайта сайлануға өз кандидаттурамды ұсынбау туралы шешім қабылдадым және қараша айында өтетін үшінші жыл сайынғы Конгресте сайлауға қатыспаймын", – деді ван дер Ворст.
Айта кетейік, бұған дейін World Boxing ұйымының Олимпиада комиссиясының төрағасы, қазақстандық Геннадий Головкин аталған ұйымның президенті қызметіне өз кандидатурасын ұсынатыны хабарланған еді. Қазіргі президенттің мәлімдемесінен кейін ол негізгі үміткерлердің біріне айналды.