"Алтын доп": Футбол тарихындағы ең беделді жүлденің өткені мен бүгіні

"Алтын доп": Футбол тарихындағы ең беделді жүлденің өткені мен бүгіні

фото: instagram.com/ballondorofficial

Бүгін Астана уақыты бойынша 23:00-де "Алтын доптың" кезекті жеңімпазы анықталады. Алдын ала мәліметтер бойынша өткен маусымда "ПСЖ"-ны өрге сүйреген Усман Дембеле басты үміткердің бірі. "Барселонаның" қос жұлдызы Рафинья мен Ламин Ямальды да осы қатарға жатқызады. Не болса да, түнде футбол тарихының жаңа тарауын ашатын жеңімпаздың есімін білеміз, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Футболды сандар мен статистика арқылы түсіндіруге болады. Бірақ "Алтын доп" жай ғана сан емес. Ол – уақыттың өлшемі. Ол – әр дәуірдің өзіндік мәнері мен стилін көрсететін белгі.

1956 жылы француздық France Football журналы ұйымдастырған алғашқы байқауда "Блэкпулдың" шабуылшысы Стэнли Мэттьюз "Алтын допты" қолына алды. Сол сәттен бастап бұл марапат футболшылар үшін ең үлкен арманға айналды.

Алғашында сыйлық тек Еуропа клубтарында ойнайтын еуропалықтарға ғана берілді. 1995 жылдан бастап ережеге өзгеріс енгізіліп, Еуропа клубында өнер көрсеткен кез келген ұлт өкілі қатысатын болды. Сол жылы африкалық Жорж Веа ("Милан") тарихта тұңғыш рет "Алтын доптың" иесі атанды. Ал 1997 жылы "Интер" сапында ойнаған Роналдо жүлдені жеңген алғашқы латынамерикалық футболшы болды.

2007 жылдан бастап марапатқа әлемнің кез келген кәсіби футболшысы үміткер бола алды. 2010-2016 жылдары "Алтын доп" ФИФА-ның "Жыл ойыншысымен" біріктіріліп табысталды. 2016 жылдан бері France Football жүлдені қайтадан дербес ұйымдастырып келеді.

Енді тарихына сәл шегінетін болсақ, 1957-1959 жылы "Реал Мадридтің" шабуылшылары Альфредо Ди Стефано, Раймон Копа, Альфредо Ди Стефано бірінен кейін бірі алады. 1960 жылы барселоналық жартылай қорғаушы Луис Суарес үздік шықты. Бұл қазіргі уругвайлық Луис емес, 1960 жылғы Еуропаның үздік футболшысы, 1964 жылғы Еуропа чемпионы атанған испан футболшысы. "Алтын допты" 44 шабуылшы, 24 жартылай қорғаушы, 3 қорғаушы ұтып алса, мәртебелі марапатты алған алғашқы жартылай қорғаушы осы – Луис Суарес.

1961 жылы Италияның А сериясынан Омар Сивори ("Ювентус"), 1962 жылы Чехословакия чемпионатының өкілі Йозеф Масопуст ("Дукла"), 1963 жылы мәскеулік "Динамоның" қақпашысы Лев Яшин дараланды. Бұл – қақпашылар арасында алған жалғыз спортшы. Ал 1972 жылы "Бавария" сапында ойнаған Франц Беккенбауэр "Алтын допты" алған алғашқы қорғаушы болды.

Жалпы, әлем футболында "Месси мен Роналдуның дуэлі" дейтін тамаша кезең бар. Футболды өнерге айналдырған Месси 8 рет, футболдың кәсіби мәдениетін жаңа деңгейге көтерген Роналду 5 рет басты титулды жеңіп алды. Әрине, сарапшылар арасында Криштің кемі бір "Алтын допты" ала алмағанын айтады. Әділетсіз қалғандар қатарында Тьерри Анри, Паоло Мальдини, Андрес Иньеста мен Чави Эрнандес те бар. Олар – ойынды ұйымдастырып, команданың тірегі болғанымен, көбіне жүлде шабуылшыларға бұйырды.

Алтын тәжді үш реттен Йохан Кройф (1971, 1973, 1974), Мишель Платини (1983, 1984, 1985), Марко ван Бастен (1988, 1989, 1992) де ұтып алды.

Ең көп "Алтын доп" ұтып алған клубтарға келетін болсақ, бірінші-екінші орынды 12 реттен ойыншысы биік тұғырдан көрінген "Барселона" мен "Реал Мадрид" тұр. 8 рет "Ювентус", 7 рет "Милан", 5 рет "Бавария" клубының ойыншылары дараланды. Ал ТОП-5 елдерге Аргентина, Португалия, Франция, Германия, Нидерланды кіреді.

P.S. "Алтын доп" – футболдағы ең мәртебелі жүлде ғана емес, әр дәуірдің айнасы. Бүгінгі түнде кімнің есімі тарихқа жазылары беймәлім. Бірақ бір нәрсе анық: жаңа иегер – футболдағы жаңа бетбұрыстың символы. Бұл – "Месси мен Роналду дәуірінің" шымылдығын түріп, жас буынның жаңа бәсекесіне жол ашатын сәт.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Admin
Admin
Автор