30 жыл күткен алтын немесе Жақсылық пен Шәмілдердің жолын жалғар ұл қашан туады?

30 жыл күткен алтын немесе Жақсылық пен Шәмілдердің жолын жалғар ұл қашан туады?

фото: olympic.kz. Суретте: Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров

Хорватияның Загребебінде еркін, грек-рим және әйелдер күресінен кезекті Әлем чемпионаты аяқталды. Бұл бәсекеде Жапония құрамасы 7 алтын медальмен бірінші орынға шығып, тағы да мықтылығын дәлелдеді. Екінші сатыға 5 алтын еншілеген Иран, үшінші орынға 4 алтын алған АҚШ көтерілді. Қазақстан 11-ші орыннан көрінді. Егер Айдос Сұлтанғалидің алтын медалі болмаса, бұл көркеткіштен де төмен болар едік. Бұл жеңіс бізді грек-рим күресінің тарихына және қазақ балуандарының әлемдік додалардағы жетістігіне бір шолу жасауға жетеледі, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Чемпионат шежіресі

1904 жылы Венада грек-рим күресінен алғашқы Әлем чемпионаты өтті. Бар болғаны 26 спортшы екі салмақ дәрежесінде күш сынасып, алғашқы алтынды Дания мен Австрия балуандары жеңіп алды. Кейінгі жылдары Германия, Швеция және Финляндия спортшылары үстемдік көрсетті. Ал Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты турнир біраз уақытқа үзіліп, тек 1920 жылы қайтадан Вена қаласында жалғасты.

1950 жылдан бастап Әлем чемпионаты жаңа қарқын алып, Түркия, Египет, Венгрия, Ливан, сынды елдердің қосылуымен географиясы кеңейді. 1953 жылы алғаш рет қатысқан КСРО құрамасы ұзақ жылдар бойы әлемдік кілемде үстемдік құрды. 1954-1991 жылдар аралығында өткен 27 чемпионаттың басым бөлігінде одақ спортшылары жеңіске жетті. Сол дәуірде қазақ балуандары да тарихқа есімін жазды. Атап айтқанда, 1978 және 1979 жылы Шәміл Серіков, 1981 жылы Жақсылық Үшкемпіров әлем чемпионы атанған-ды.

1960-жылдардан бастап Азия балуандарының дәуірі басталды. Жапония, Иран, кейіннен Корея құрамасы жүлдегер қатарынан тұрақты көріне бастады. 1969 жылы АҚШ алғаш рет алтын медаль алып, жаңа көшбасшылардың қатарына қосылды. 1970-жылдары Болгария күрес мектебі де айқын байқалды.

90-жылдардан бастап грек-рим бойынша Ресей, Жапония, АҚШ, Түркия және Иран құрамасы үздік үштік үшін тартыс жүргізіп келеді.

Қазақ балуандарының жеңісі

1993 жылы Стокгольмде өткен әлем чемпионатында Қазақстан алғаш рет бақ сынап, тарихтағы тұңғыш қадамын жасады. 82 келі салмақта белдескен Дәулет Тұрлыханов күміс жүлдеге қол жеткізіп, ел қоржынына алғашқы медальді салды. Сол жолы Қазақстан құрамасы жалпы есепте 21-орыннан көрінді.

Ал 1994 жылы Юрий Мельниченко Қазақстанға алғашқы алтын медальды сыйлап, құрамамыз үздік ондыққа енді. Бұл – отандық спорт үшін үлкен серпіліс болды. Кейіннен Мельниченко 1997 жылы қайтадан әлем чемпионы атанды.

1998 жылы Мхитар Манукян мен Бахтияр Байсейітов топ жарып, Қазақстан құрамасы алтыншы орынға көтерілді. Бұл – әлі күнге дейін біздің тарихтағы ең үздік командалық көрсеткіш. 1999 жылы Мхитар Манукян екі дүркін әлем чемпионы атанып, отандық күрестің даңқын асырды.

2000-жылдардан бастап жаңа буын балуандар өсіп шықты. Ермек Көкетов, Нұрбахыт Теңізбаев, Алмат Кебісбаев, Нұрмахан Тынәлиев, Демеу Жадыраев, Мейрамбек Айнағұлов сынды спортшылар әр жылдары әлемдік додаларда жүлдегер атанды.

2018 жылы Айдос Сұлтанғали алғашқы қола медалін иеленсе, биыл алтын тұғырға көтерілді. Бұл – Мхитар Манукян мен Бахтияр Байсейітовтен кейінгі 27 жылдан соң Қазақстан грек-рим күресінде қайтадан чемпиондық белеске жеткенін көрсетеді.

Айта кетейік, 2019 жылы еліміз алғаш рет Әлем чемпионатын қабылдады. Бұл додада Қорлан Жақанша күміс, Мейрамбек Айнағұлов пен Алмат Кебісбаев қола медаль алып, отандық жанкүйерлерді қуантты. 2021 жылы Алмат Кебісбаев өзінің төртінші әлемдік жүлдесін еншіледі. Ал 2024 жылы Ержет Жарлыкасын олимпиадалық емес салмақта күміс медаль жеңді.

P.S. Соңғы 32 жылда қазақстандық грек-рим балуандары Әлем чемпионатынан 6 алтын медаль еншіледі. Бұл көрсеткішті аз деуге де, көп деуге де болмас. Ең бастысы – әр медальдың артында маңдай тер, қажымас еңбек және отандық күрес мектебінің табандылығы тұр. Айдос Сұлтанғалидың биылғы жеңісі – қазақстандық балуандардың жаңа серпілісі мен болашақтағы үлкен жетістігінің бастауы екені сөзсіз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Admin
Admin
Автор