фото: ашық дереккөзден
20 жасында Олимп шыңына көтеріліп, Сидней төрінде ел намысын асқақтатқан Бекзат Саттарханов халық жадында мәңгілікке сақталып қалды, деп жазады Sportinside.kz.
Олимпиадаға аттанар сәтінде ұшақ баспалдағында тұрған Бекзат ағасы Мақсатқа: "Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер!" – деп айғайлап, жеңісін алдын ала сезген екен. Кейін анасына да: "Мен әлі үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын" деп айтқан көрінеді. Өмірі ұзақ болса, бұл арманы орындалып, күллі қазақ халқының қуанышы еселене түсер ме еді, кім білсін?..
Бекзат жайлы естеліктер аз емес. Соның бірі – Сидней Олимпиадасына бірге барып, жеңіс тұғырын бірге бағындырған Ермахан Ибраимовтың әңгімесі.
"Біз Тайландта оқу-жаттығу жиынан жасап жатырмыз. Сол кезде баскетбол ойнадық. Ойын барысында доп алаңнан тыс жаққа ұшып кетті. Ол алаңдағы қабырға әйнектен құрастырылған екен, бір қарасаң ештеңе жоқ сияқты, бірақ әйнек жып-жылтыр боп тұр. Бекзат допты қуып жетемін деген жақта, алдында айна тұр. Ол оны көрмеген. "Тоқта, тоқта, айна тұр" деп біз айғайлап тұрмыз. Ол бізді естімей, жүгірген бойда допты аламын деп кетіп бара жатыр. Жүгірген бойда әйнекті баспен соқты. Бекзат Саттарханов шаршы алаңда ешқашан нокдаун алып көрмеген. Бірақ жалғыз нокдауны – әйнекке соғылып құлап еді", – деп еске алды Ермахан Ибраимов.