"Қыздан туған да – немере!": қоғам белсендісі өз сөзімен көпшілікті таңғалдырды

"Қыздан туған да – немере!": қоғам белсендісі өз сөзімен көпшілікті таңғалдырды

Танымал журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы қазақ қоғамында жиі айтылатын «Қыздан туған бала – жиен, немере емес» деген дауға байланысты өткір пікір білдірді. Ол бұл даудың терең мәнін ашып, әлеуметтік желідегі жазбасында халыққа ой салар бірнеше маңызды уәж келтірді.

«Қыздан туған да – немере!»

Сәуле Әбілдаханқызы жазбасында:

«Біріншіден, қыздан туған балапандар да – қыздың ата-анасына немере. Ал қыздың бауырларына, туыстарына – жиен. Бұл – шындық!» – деп атап өтті.

Пайғамбардың (с.а.у.) ұрпағы – қызынан тараған

Журналист өз ойын тарихи, діни тұрғыдан да негіздеді. Оның айтуынша,

«Пайғамбарымыздан (с.а.у.) да ұл қалмаған. Бірақ қызынан тараған ұрпақ өзін Пайғамбардың ұрпағымыз дейді. Бұл – 100% дұрыс, солай мойындауымыз керек.»

Медина – ана жұрты, рухани негіз

Сәуле ханым Пайғамбарымыздың (с.а.у.) анасының жұртына жақын болғанын да еске салды:

«Медина – Пайғамбардың анасының жері еді. Ислам да сол жерден қанатын жайды. Сол қалада мәңгілік мекеніне жайғасты. Бұл – нағашының қадірін ұмытпа деген ишара».

«Жетім жүректі жараламаңдар»

Журналист қызынан туған жалғыз немере мен шөбере туралы жүрек тебірентер мысал келтіріп, ұл немесе немере жоқ адамдардың жанын жаралауға болмайтынын баса айтты:

«Ұлы түгіл қызына зар боп жүрген аналар қаншама?! Солардың жүрегіне тас атып, ‘бұл сенің немерең емес’ деп кімсіңдер сендер?..»

«Немере ме, жиен бе – әркімнің жүрегі біледі»

Мақаласында Сәуле Әбілдаханқызы бұл мәселені адамның жеке таңдауы екенін баса айтты:

«Қызынан туған баланы кім қалай атайды – өз еркі. Ата-әжесі үшін бәрібір – немере. Бұл жерде руға немесе салтқа бола баланың қадірін кемітуге болмайды.»

Қорытынды ой

«Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады», – деп сөзін түйіндеген Сәуле Әбілдаханқызы халықты жақындарын жатсынбай, қыз баланың да ұрпағын қадірлеуге шақырды.