фото: ашық дереккөзден
Жас мексикалық боксшы Хесус Меркадо Кабрера АҚШ шекарасының оңтүстігінде, Сонора мен Төменгі Калифорния штаттарының шекарасына жақын шөл далада өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
The Mirror басылымының дерегінше, 21 жастағы спортшының денесі пакетке оралып, қаптама таспасымен байланған күйде табылған. Оның отбасы бірнеше күн бұрын осы туралы хабарлаған еді.
Жергілікті полиция Меркадоның денесін бірнеше татуировкалары арқылы танығанын, денесінде зорлық-зомбылықтың айқын белгілері болмағанын мәлімдеді. Қазір Сонора штатының Бас прокуратурасы тергеу жұмыстарын бастады.
Боксшы 27 қыркүйекте Эрмосильо қаласында Адриан Руиске қарсы келесі жекпе-жегін өткізуі тиіс болатын.
Кабрераның кәсіби рингтегі көрсеткіші: жеті жеңіс, тоғыз жеңіліс және бір тең нәтиже.