фото: Видеодан скриншот
Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты 300-ден астам қазақстандық азамат Дубайдан арнайы рейстермен елге жеткізілді.
Халықаралық рейстер уақытша тоқтатылды
FlyDubai компаниясының екі рейсі 15 маусым күні түнгі сағат 02:45 және 06:19-да Алматы халықаралық әуежайына қонды. Барлығы 332 жолаушы эвакуацияланды, олардың қатарында 13 маусымда ұшуы тиіс болған, бірақ рейсі кешіктірілген азаматтар да болды.
“FlyDubai рейстері қауіпсіз бағытпен ұшты. Барлық жолаушылар дін аман елге оралды”, – делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.
Қауіпсіздікке байланысты ұшуға шектеу қойылды
ҚР Көлік министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті 13 маусымнан бастап Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумақтары мен әуе кеңістіктерінде ұшуға уақытша тыйым салынғанын мәлімдеді.
Бұл шешім аймақтағы жағдайдың ушығуына, қауіпсіздік қатерлеріне және халықаралық авиация ұйымдарының ұсынымдарына байланысты қабылданды.
Ұшулар уақытша тоқтады
Аймақтағы шиеленіске байланысты бірқатар халықаралық әуе тасымалдаушы компаниялар Дубай мен Абу-Дабиден ұшатын рейстерін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл жағдай қазақстандық туристердің елге оралуын қиындатты, алайда FlyDubai компаниясының арнайы ұйымдастырылған рейстері мәселені оңтайлы шешті.