фото: Туризм және спорт министрлігі
Астанада Англияда өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жеткен қазақстандық боксшыларды марапаттау рәсімі өтті. Спортшыларға қаржылай сертификаттар табыс етілді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Министрліктің мәліметінше, ведомство басшысы Ербол Мырзабосынов қазақстандық боксшыларды әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуымен құттықтап, олардың жаттықтырушылары мен федерация өкілдеріне алғыс білдірді.
"Қазіргі уақытта біз осы спорт түрін дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз. Жақын арада құрамында заманауи залдары мен төрт рингі бар бокс кафедрасы ашылатын Ұлттық спорт университеті жұмысын бастайды. Бұл қадам халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға жағдай жасайды. Жаттықтырушылар құрамына алдағы маңызды жарыстар – Әлем кубогының финалы, әлем чемпионаты және 2026 жылғы Азия ойындары қарсаңында сәттілік тілеймін. Бірақ біздің басты мақсатымыз – Олимпиада ойындары", – деді министр.
Іс-шара барысында отандық спорт пен бокстың дамуына үлес қосқан мамандар да марапатталды:
- Қазақстан Бокс федерациясының президенті Шахмурат Муталипов «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін иеленді;
- Федерацияның вице-президенті Дархан Қызайбаев, ҚР ҰОК бас хатшысы Әлімжан Акаев, федерацияның атқарушы директоры Рауан Игенев, бас хатшы Мерей Ақшалов, ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сатжанов және әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.
Министр медицина штабының еңбегіне де ерекше тоқталып, қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстады.
Сонымен қатар Федерация тарапынан спортшылар мен мамандарға 100 мың долларға дейін сыйақы берілді. Чемпиондардың жеке бапкерлері де Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталды.
"Турнирдің чемпиондары мен жүлдегерлері – Санжар Тәшкенбай, Махмуд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева, Аида Әбікеева, Наталья Богданова және Елдана Тәліпова құрмет грамоталары және сыйақымен марапатталды", – делінген министрлік жариялаған хабарламада.