фото: Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Демеу Жадыраев
Грек-рим күрес шебері Демеу Жадыраев Загребте (Хорватия) өтіп жатқан әлем чемпионатында жұбаныш белдесуіне қатысады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бейсенбі күні Хорватия астанасында классикалық стиль балуандары арасындағы мықтылар анықтала бастады. Қазақстандықтар арасында жүлдеге таласу мүмкіндігін тек Демеу Жадыраев сақтап қалды.
77 келіге дейінгі салмақта Жадыраев екі қарсыласын жеңгенімен, ширек финалда жапон балуаны Нао Кусакеге есе жіберді. Қазақстандық спортшының қарсыласы финалға шыққандықтан, Жадыраев жұбаныш раундына жолдама алды.
Жұма күні ол үндістандық Аман Хохар немесе украиналық Игорь Бычковпен белдеседі. Егер жеңіске жетсе, қола жүлде үшін венгриялық Роберт Фричпен күреседі.
Айта кетейік, Жадыраев бұған дейін әлем чемпионатының тұғырына бір мәрте көтерілген болатын – 2017 жылы ол 71 келіге дейінгі салмақта күміс жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ, спортшының қоржынында 2024 жылғы Олимпиада ойындарының 77 келіге дейінгі салмақтағы күміс медалі бар.
Бұдан бөлек, бейсенбі күні қазақстандық Марлан Мұқашев (55 кг дейін) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг дейін) алғашқы белдесулерінде-ақ жеңіліске ұшырады. Ал 82 келіге дейінгі салмақтағы Әлмир Төлебаев бір жеңіске жеткенімен, 1/8 финалда қарсыласынан ұтылды.