"Жұмыстан кетуге өтініш жазуды тапсырдым": "Атыраудың" директоры команданы жұмыстан қуып жатыр

"Жұмыстан кетуге өтініш жазуды тапсырдым": "Атыраудың" директоры команданы жұмыстан қуып жатыр

фото: sports24.kz. Суретте: Дидар Сыдықбек

Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін «Атырау» футбол клубы үлкен өзгерістер алдында тұр. Клубтың бас директоры Дидар Сыдықбек «Ұлытаудан» 0:1 есебімен ұтылғаннан кейін, бүкіл команданың болашағына балта шабатын мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бәріне өтініш жазуға бұйрық берілді

Ойыннан кейін футболшылармен өткізілген ішкі жиналыста бас директор бірден қатаң шешім қабылдаған.

«Ойыннан кейін бәріне жұмыстан кету жөнінде өтініш жазуға тапсырма бердім. Енді кім қалатынын, кім кететінін өзім шешемін», – деді ол.

Бұл сөздер клубтың ішкі ахуалының ушығып кеткенін көрсетеді. Турнир кестесінде төменгі орында келе жатқан «Атырау» Премьер-лигада қалу үшін бар күшін салуға мәжбүр.

Жаңа бапкер келе ме?

Дидар Сыдықбек жақын күндері жаңа бапкер тағайындалуы мүмкін екенін де жасырмады.

«Ертең Астанаға барып, бапкерге қатысты жақсы жаңалықты жариялаймын. Қазір бір ойынға күш салайық, содан кейін жағдайды өзгерту жолдарын іздейміз», – деді клуб басшысы.

Бұл мәлімдеме бас бапкер ауысады дегенді меңзейді. Команда ішіндегі мотивацияны арттырып, жаңа леп енгізу мақсатында бұл өзгеріс орынды шешім болуы мүмкін.

«Өтемақы сұраса – аттарын атаймын»

Сыдықбек клубтан кеткісі келетін кейбір футболшылардың өтемақы талап етіп жатқанын ашық айтты:

«Егер біреу кету үшін өтемақы сұраса, олардың атын ашық жариялаймын», – деді ол.

Бұл мәлімдеме клубтың мүддесін жеке бас пайдасынан жоғары қоятын футболшыларға арналған ескерту іспеттес. Сонымен қатар бұл командалық рух пен адалдыққа басымдық беріліп жатқанын білдіреді.