фото: Қазақстан бокс федерациясы
Өзбекстандық Zamin.uz порталы Ливерпульде өткен әлем чемпионатындағы Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы финалдық жекпе-жектерге шолу жасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Алғашқы минуттардан-ақ Жахонгир Зокиров пен қазақстандық Айбек Оралбай арасындағы жекпе-жек нағыз триллерге айналды. Зокиров алғашқы екі раундта басым болды. Алайда үшінші раундта шаршағандықтан белсенді қимылдай алмады. Әуесқой бокста ұпай раунд бойынша емес, жалпы есеппен берілетіндіктен, төрешілер жеңісті қазақстандық спортшыға беріп, Оралбайды жеңімпаз деп таныды.
Өкінішке қарай, шешуші екі финалда да өзбек боксшылары соңғы раундтарда жеңісті қолдан шығарып алды. Мәселен, Навбахор Хамидова алғашқы екі раундта басымдық көрсеткенімен, үшінші раундта ескерту алып, қазақстандық Аида Әбікееваға жол берді. Ал ең ауыр салмақ дәрежесінде де сол сценарий қайталанды – Жахонгир Зокиров финалдың шешуші сәттерінде Оралбайға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жетінші алтын медалін жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады", – деп жазады сайт.
Еске сала кетейік, World Boxing ұйымы аясында өткен алғашқы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды (7 алтын, 1 күміс, 2 қола), ал Өзбекстан құрамасы екінші орынға жайғасты (6 алтын, 2 күміс, 3 қола).