"Жаман нәтиже емес": Бас бапкер Ризабектің жеңілісі туралы айтып берді

"Жаман нәтиже емес": Бас бапкер Ризабектің жеңілісі туралы айтып берді

фото: uww.org. Суретте: Ризабек Айтмұхан пен Магомед Курбанов

Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстанның еркін күрес шеберлері небәрі екі қола медаль олжалады. Ал басты үміт артқан спортшымыз Ризабек Айтмұхан бозкілемде тек бір ғана белдесу өткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Алғашқы айналымда ол Еуропа чемпионы Магомед Курбановпен жолықты. Бұл балуан виза мәселесіне байланысты әлем чемпионатына қатыса алмаған Абдулрашид Садулаевтың орнына шыққан болатын. Айтмұхан жақсы күрес көрсеткенімен, соңғы секундтарда ресейлік қарсыласы басымдыққа ие болып, қазақ балуанын жарыстан шеттетті.

Нәтижесінде, 21 жастағы астаналық балуан қола медаль үшін де күресуге мүмкіндік ала алмады. Себебі Курбанов келесі кезеңде Олимпиада чемпионы Ахмед Тажудиновтан жеңілді. Бұл жағдай Айтмұхан үшін толық сәтсіздік болды.

Ал 2024 жылғы 70 келідегі әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов қола медаль жеңіп алды. Ол жартылай финалда моңғолиялық Тулга Тумур Очирден ұтылғанымен, үшінші орын үшін белдесуде Молдова өкілі Василь Дяконе үстем түсіп, жүлдеге қол жеткізді.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов команда нәтижесіне баға беріп, Айтмұхан мен Қайпановтың өнеріне тоқталды.

"Жоспарымызды орындадық. Әрине, тағы бір-екі медаль алуға мүмкіндік болды, бірақ өкінішке қарай, шықпады. Айтмұхан да бар мүмкіндігін көрсете алмады. Ризабек өте талантты балуан, бірақ бұл чемпионатта өз әлеуетін толық аша алған жоқ. Әйтсе де, ресейлік қарсыласы да өте мықты еді. Ал Қайпанов жартылай финалда моңғол балуаны Тулга Тумур Очирге есе жіберді. Нұрқожа қиын бәсекелерді өткізді, шаршап қалды. Сол себепті жеңілді. Әйтпесе, екі дүркін әлем чемпионы атануға барлық мүмкіндігі бар еді. Әлем чемпионаты – өте бәсекелі турнир, жеңіске жету оңай емес. Көптеген мықты құрамалар жүлдесіз қалды. Бізде екі медаль бар, бұл жаман нәтиже емес деп ойлаймын. Алда ойланатын дүниелер бар, жұмыс істей береміз", – деді Мадияр Құрамысов.

Айта кетейік, бүгін грек-рим күресінен бәсекелер басталады. Бұл сында Париж Олимпиадасының жұлдызы, 77 келі салмақтағы Демеу Жадыраев бозкілемге шығады.