фото: әлеуметтік желіден
Ағайынды Сабырхандар елге жеңіспен оралды. Әуежайда Махмұд пен Төрехан Сабырханды қарсы алған жанкүйерлердің қарасы көп болды. Әсіресе 19 жасында әлем чемпионы атанған Төрехан Сабырхан тек жеңісімен ғана емес, Ливерпуль рингіндегі әсерлі өнерімен де жұрт назарын аудартты, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Боксшының алғашқы кездесулерінің бірінде қарсыласына айтқан «Сындырамын» деген сөзі көпшілік есінде сақталып қалды.
"Алдымен, қазақ халқына алғысым шексіз. Бізді қолдап, дұға тілеп отырған халықтың демеуі бізге күш берді. Рингте ағам жанымда болды, мен одан есепті сұрадым. Ол: "Бәрі керемет, Тәтөш, алға!" – деді. Сол сәтте сындырамын деп шештім. Бұл жеңіс тек менікі емес, ағамның, ата-анамның еңбегі. Солардың дұғасының арқасында әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткіздім деп ойлаймын", – деді чемпион.
Еске сала кетейік, жартылай финалда Төрехан Сабырхан осыған дейін 15 рет қатарынан жеңіске жеткен жергілікті фаворит Одель Камараны айқын басымдықпен тоқтатты. Ал финалда 2021 жылғы әлем чемпионы, тәжірибелі Севон Окадзаваны қапы қалдырып, 19 жасында әлемдік аренада топ жарды.