фото: Фото ашық дереккөзден
Желіде отандық емші Жандар Қалдыбекұлының араққа тәуелділікті ерекше жолмен емдеп жатқаны түсірілген видео кең таралып жатыр.
Видеода белгісіз бір ер адам отқа қыздырылған темірді қолдана отырып, алкогольге тәуелді азаматты емдегені көрсетілген. Бұл ем жүргізудің тәсілі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызығушылық пен даулы пікірлер туындатты.
Қызып тұрған темір, діни сұрақтар мен суық су – емнің ерекше құрамдас бөліктері
Видеода емші алдымен темір затты отқа қыздырып, оны азаматтың бетіне тақап, лебіне бет тостырады. Артынша тілін қызып тұрған темірге жақындату, бастан және иықтан ұрғылау арқылы емдеу жалғасады.
Содан кейін емші емделушіге суық суды аузына толтырып, оны ыстық темірге үрлеп шашады. Осы сәтте ем алушының абдырағаны, қорыққаны және қобалжығаны анық байқалады.
«Сен отқа шыдамайсың, тозақ отына қалай төзесің?!»
Жандар Қалдыбекұлы ем барысында діни-рухани ескерту сөздермен де мотивация беруге тырысады:
«Сен алақандай ыстық темірдің қызуына шыдамай тұрсың, арақ ішіп тозаққа барғанда оның жалынына қалай шыдаймын деп тұрсың. Сондықтан арақ ішуден арыл. Қашан қоясың ішуді?», – дейді емші.
Бұл әдіс қорқыныш пен рухани мотивацияны қатар қолдану арқылы ішімдіктен жирендіруге бағытталғаны байқалады.
Бұл әдіс ғылыми тұрғыда қаншалықты негізделген?
Қоғамда мұндай дәстүрлі емес емдеу тәсілдері жиі кездескенімен, олардың медицина тұрғысынан тиімділігі дәлелденбеген. Дәрігерлер мен психологтар алкоголизм – бұл физиологиялық және психологиялық тәуелділік, сондықтан оны кәсіби емдеу әдістері арқылы ғана тоқтату керек деп есептейді.
Желі қолданушылары не дейді?
Видеоны көргендердің пікірі екіге бөлінді:
Бірі емшінің креативті әдісін құптап, «ең бастысы — адам ішімдікті қойса болды» десе,
Енді бірі қатаң, тіпті қорқынышты тәсіл екенін айтып, «қазіргі заманда мұндай әдістер адам психикасына кері әсер етуі мүмкін» деп отыр.