Әлемдік алпауыт промоутерлер қазақ баласы Сәкен Бибосыновқа таласып жатыр

Әлемдік алпауыт промоутерлер қазақ баласы Сәкен Бибосыновқа таласып жатыр

фото: Ben McShane/Sportsfile via Getty Images. Суретте: Сәкен Бибосынов

Танымал қазақстандық боксшы, Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов кәсіби рингке шығуы мүмкін. Әлемдік және қазақстандық ірі промоутерлік компаниялар болашағы зор былғары қолғап шеберіне қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Сәкен Бибосынов бұл туралы YouTube желісіндегі «Спорт Министрі» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Ол қазіргі таңда Қазақстан құрамасы сапында әуесқой бокста ел намысын қорғап жүргенін, бірақ кәсіпқой боксқа көшу туралы нақты ұсыныстар бар екенін растады.

«Кәсіпқой боксқа өту туралы ұсыныстар бар. Бірақ қазір ұлттық құрамадамын. Сондықтан бас қатырып жатқан жоқпын. Егер болашағым жарқын болатын нақты ұсыныс түсіп жатса, көшуім әбден мүмкін. Алайда бұл шешім бас бапкерім, жеке жаттықтырушым мен бокс федерациясымен ақылдаса отырып қабылданады», – дейді спортшы.

Сәкенге тек отандық емес, сонымен қатар шетелдік промоутерлік ұйымдар да ұсыныс жасаған. Бірақ боксшы әзірге нақты компаниялардың атын ашық атаған жоқ.

«Қазақстандық компаниялардан да, шетелдік ірі промоутерлік ұйымдардан да ұсыныстар бар. Қазір нақты ештеңе айтпай-ақ қояйын. Барлығы шешілген кезде ресми түрде хабарлаймын», – деп қысқа қайырды Бибосынов.

Бибосыновтың жетістіктері:

🥉 Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері

🏆 2021 жылғы Белградтағы әлем чемпионатының чемпионы

🥈 2022 жылғы Азия чемпионаты – күміс

🥉 2021 жылғы Азия чемпионаты – қола