фото: Сали Сабиров / ҰОК. Суретте: Айбек Оралбай
World Boxing ұйымының ресми сайты Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы бәсекелестікті ерекше атап өтті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қазақстанға жалпы басымдықты Айбек Оралбай мен Аида Әбікеева қамтамасыз етті. Олар көрші елдің спортшыларын финалда жеңіп, алтын медаль иеленді.
"2025 жылғы бокстан әлем чемпионатының Ливерпульдегі финалдық күні тартысты өтті. Қазақстандық Айбек Оралбай турнирдің 520-шы, яғни соңғы жекпе-жегінде өзбекстандық Жахонгир Зокировты жеңді. Бұл жеңіс оған аса ауыр салмақтағы алтынды сыйлап қана қоймай, Қазақстанға жалпыкомандалық есепте бірінші орын әперді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс және екі қола медальмен көш бастады.
Өзбекстан жалпы медаль саны бойынша (11 жүлде) көп жинағанымен, алтын медаль көрсеткіші төмен болды. Олар қорытынды кестеде екінші орынға тұрақтады: алты алтын, екі күміс және үш қола.
Қазақстан үшін турнирдің соңғы күні нағыз триумфқа айналды: боксшылар сегіз жекпе-жектің жетеуінде жеңіске жетті. Тек бірінші кездесу ғана сәтсіз аяқталды – онда Назым Қызайбай 48 келіге дейінгі салмақта қарсыласы Минакшиге есе жіберді.
Жалпыкомандалық есептегі бірінші орын тағдыры Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екі бетпе-бет кездесуде шешілді. Екеуінде де жеңісті қазақстандықтар жұлып әкетті. Қазақстандық Аида Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидовамен күш сынасты. Бір ұпайдың шегерілуі және Әбікееваның қарқынды шабуылы шешуші рөл атқарып, қазақстандық спортшы жеңімпаз атанды. Дәл осындай жағдай кештің соңғы жекпе-жегінде де қайталанды. Айбек Оралбай басымдыққа ие болып, 3:2 есебімен жеңіске жетті", – делінген World Boxing шолуында.