Ұлттық құраманың капитаны Олимпиада чемпионын әділ жеңді ме?

Ұлттық құраманың капитаны Олимпиада чемпионын әділ жеңді ме?

фото: olympic.kz. Суретте: Айбек Оралбай

Boxingscene.com сайты Ливерпульде өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының бірінші жартылай финалдық күнін қорытындылай келе, қазақ боксшысы Айбек Оралбайдың басты фаворит саналатын бес дүркін әлем чемпионы және екі дүркін Олимпиада жеңімпазы кубалық Хулио Сесар Ла Крусқа қарсы күтпеген жеңісіне ерекше тоқталды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Күннің басты жекпе-жегі сөзсіз ауыр салмақтағы екі дүркін олимпиада чемпионы Хулио Сесар Ла Крус (Куба) пен қазақстандық Айбек Оралбай арасында өтті. Алғашқы раундтан кейін кубалық аңыз ұпай жағынан қалып қойды да, екінші раундта қарқынын арттыруға мәжбүр болды. Ол әдеттегідей қолын түсіріп бокстасса да, жекпе-жектің барысын толық бақылауда ұстады. Алайда таңқаларлығы, осы раундтан кейін де ол ұпайда артта қала берді, ал үшінші раундта барын салуға тура келді. Бұл нағыз Ла Крус стиліндегі бокс еді: тайқулар, сырғулар және Оралбайдың бетіне дөп тиген дәл оң қол соққылар. Қазақстандық бұған лайықты жауап қайтара алмады. Соңғы үш минуттық кезеңде кубалықтың үстемдігі айқын болғанымен, рефери Оралбайға есеп ашты. Сол сәтте Ла Крусқа 10:8 беріліп, жеңісті жұлып алатын мүмкіндік бардай көрінді. Бірақ сәттілік сырт айналып, қазақстандық боксшы қазылардың шешімімен жеңімпаз деп танылды. Жанкүйерлер бұл шешімді өте қатты наразылықпен қабылдап, бүкіл арена гуілдеген ысқырыққа толды. Көрермендер Ла Крус пен өзбек Джахонгир Зокиров арасындағы тартысты финалдан айырылғанын сезді. Зокиров екінші жартылай финалда жеңіске жеткен болатын", – делінген мақалада.